Алматыда мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды

Күдіктілер қамауға алынды

Алматыда мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Алматы облысының полицейлері Қарасай және Ұйғыр аудандарында мал ұрлығымен айналысқан екі бірдей қылмыстық топты қолға түсірді. Күдікті азаматтар қазіргі уақытта қамауға алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында екі топтың да бірдей әдіспен жұмыс істегені белгілі болды. Олар далада иесіз жайылып жүрген малды таңдаған. Малды күре жолдардың маңына айдап әкелген. Кейін жол бойында дайын тұрған жүк көліктеріне тиеп, басқа аудандарға жөнелткен. Сонымен қатар ұрланған малды жергілікті тұрғындарға сатып отырған.

Қылмыстық топтардың әрекетінен шаруаларға орасан зор материалдық шығын келген. Полиция анықтаған деректерге сүйенсек, ұсақ мүйізді малдың 69 басын ұрлап, 7 млн теңгеден астам сома шығын келтірсе, ірі қара малдың шығын құны 20 млн теңгеге жуықтаған. 

Ішкі істер министрлігі мал ұрлығы үшін жазаның қатаң екенін ескертеді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұл қылмысты жасағандардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта ұсталған тұлғаларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.