Қазақстанның екі қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды

Атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналады

Қазақстанның екі қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды
Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

3 мамырда Астана және Көкшетау қалаларының тұрғындарына көшеде ұзақ жүруден сақ болған жөн. Мамандар осы өңірлерде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауаның ластануы жоғарылайтынын болжап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Қолайсыз метеожағдай дегеніміз не?

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар — бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін факторлар жиынтығы. Оған әлсіз жел, тұман және инверсия жатады.

Мұндай жағдайда қала бетіндегі түтін мен өзге де ластаушы қалдықтар таралмай, жерге жақын қабатта шоғырланып қалады. Бұл ауа сапасының күрт бұзылуына әкеп соғады.

Сақтық шаралары

Ауаның ластануы, әсіресе, созылмалы ауруы бар жандар мен балаларға кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты синоптиктер келесі ережелерді сақтауға кеңес береді:

Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал. Балалар мен жүкті әйелдерге серуендеуден бас тарта тұру ұсынылады.

Ашық аспан астындағы физикалық белсенділікті шектеп, жаттығуларды жабық спорт кешендерінде өткізген жөн.

Тыныс алу жолдары, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.