Түркістан облысында орталық саябақ жаңартылды
Қалада заманауи ойын-сауық нысаны пайдалануға берілді
Түркістан өңірінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар жалғасын тапты. Сайрам ауданының Ақсу ауылында орталық саябақ жаңартылып, заманауи ойын-сауық нысаны пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саябақтың салтанатты ашылуы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орайластырылды. Жаңартылған демалыс орнында тұрғындар мен қонақтар үшін барлық жағдай жасалған.
Саябақтың орталық бөлігінде әсем субұрқақ орнатылып, айналасы абаттандырылған және көгалдандырылған. Жаңа нысанда балалар мен ересектерге арналған 20-ға жуық заманауи аттракцион орнатылды. Ойын құрылғыларының қауіпсіздігі мен жайлылығына басты назар аударылған. Келушілер үшін арнайы тамақтану орындары мен демалатын жерлер қарастырылған.

Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 675 млн теңгені құраған.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде 1 мамыр мерекесі еліміздегі татулық пен келісімнің символы екенін атап өтті.
«Сайрам ауданында бүгінде 243 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда 39 этнос өкілі бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Бұл — еліміздегі қоғамдық келісім мен бірліктің жарқын үлгісі», — деді өңір басшысы.