Түркістан облысында өзендегі су деңгейі көтеріліп, 80-нен астам адам эвакуацияланды (ВИДЕО)
Екі өткелді су шайып, бір жаяу жүргіншілер өткелі бүлінді
Төлеби ауданында нөсер жауыннан кейін өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты құтқарушылар адамдарды эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Түркістан облысы ТЖД-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Ақмешіт ауылының туристік аймағында нөсер жауын салдарынан өзендегі су көтерілген. Су демалыс аймағы мен пикник аумағын жалғап тұрған екі уақытша қолдан жасалған көпірді шайып кеткен. Сондай-ақ Екпінді елді мекені маңындағы өткелге зақым келген.
Оқиға орнына өңірлік ТЖД құтқарушылары жедел жеткен. Екпінді ауылынан 11 адам, оның ішінде жеті бала қауіпсіз жерге көшірілді. Демалыс аймағынан 70 адам эвакуацияланды, олардың 20-сы бала.
Уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника тартылды. Медициналық көмекке мұқтаждар болмады. Зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында ТЖМ, «Қазселденқорғау», полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ осы күні Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округінде нөсер жауыннан кейін жолдың шайылған бөлігінде бес жеңіл көлік тұрып қалған. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағының күштері келіп, барлық көліктерді батпақтан шығарып алды. Көліктерде 15 адам болған. Олар қауіпсіз жерге жеткізілді, медициналық көмек қажет болмады.
Осы күні Төлеби ауданы Алатау ауылында, «Тау Самалы» тау шаңғысы базасы маңында нөсерден кейін тұрып қалған тағы бір жеңіл көлік эвакуацияланды. Оның ішінде 10 адам, соның ішінде үш бала болған. Барлығы аман-есен шығарылып, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.