Кездесу қатысушылары алдында сөйлеген Александр Данилов ел өмірінде бастауыш ұйымдардың айрықша рөлін атап өтті
«AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласына барып, сайлауалды уәделердің жүзеге асу барысымен танысты, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар бағдарламасы «Рудный жылу желілері» ЖШС аумағынан басталды. Онда партияның қалалық филиал төрағасы Назгүл Манасова бүгінде 3775 партия мүшесін біріктіретін ұйымның сапалық тұрғыдан өскенін баяндады.
Назгүл Манасова қоғамдық қабылдаулар жұмысының нәтижелілігіне ерекше тоқталды: түскен 80 өтініштің жартысынан астамы оң шешімін тапқан. Нақты мысалдар қатарында – 25 жылдан астам құжатсыз өмір сүрген тұрғынға құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ сот арқылы құрылыс компаниясы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қалпына келтіру бар.
Сайлауалды бағдарламаның Жол картасы мерзімінен бұрын орындалуда: 40 іс-шараның 9-ы аяқталған. Рудный қалалық филиалында 3775 партия мүшесін біріктіретін 18 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Есепті кезеңде партия қатарына 42 адам қабылданды (жоспар – 100%). Партия құрамын кеңейту аясында ұйым басшылары, оның ішінде институт ректоры мен ЖШС директорлары тартылған.
Партия хатшысы өндірістік нысаннан кейін ERG Корпоративтік университетінің инфрақұрылымымен және зертханасымен танысып, онда депутаттық фракциямен, «ССКӨБ» аудандық филиалы БПҰ белсенділерімен кеңейтілген кездесу өткізді. Жиын барысында Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Ысқақов заңнамалық жұмыс туралы ақпарат берді. Атап айтқанда кәсіпкерлер үшін салық мөлшерлемесін төмендету және әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылау бойынша қабылданған шешімдер жайында айтты.
Кездесуде сөз сөйлеген партия Хатшысы Александр Данилов бүгінгі саяси реформалардың маңызына және бастауыш ұйымдардың ел өміріндегі айрықша рөліне тоқталды.
«Бүгінде біз маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отырғанымыз өздеріңізге белгілі. Бұл үдеріс, ең алдымен Қазақстанның саяси жүйесіне қатысты. Еліміз екі палаталы Парламенттен Құрылтай деп аталатын бір палаталы жүйеге көшуде. Сонымен қатар биліктің жаңа құрылымдары енгізілуде. Мәселен, қоғамның түрлі топтарының мүддесін білдіретін Халық Кеңесі құрылуда. Жалпы елде басқару жүйесі теңгерімді әрі тиімді бола түсті. Осы ретте бастауыш партия ұйымдарымен тығыз жұмыс істеу аса маңызды. Себебі «AMANAT» – еліміздегі ең ауқымды әрі тармақталған бастауыш ұйымдар желісіне ие партия екені ешкімге жасырын емес. Партияның негізгі жұмысы дәл сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында жүзеге асырылады», – деді Александр Данилов.
Партия хатшысы «AMANAT»-тың сайлауаралық кезеңде де жоғары белсенділікті сақтап отырғанын атап өтті. Негізгі жобалардың бірі – «Қарызсыз қоғам» аясында қайта құрылымдау және банкроттық тетіктері арқылы бір миллионға жуық адамға қарыз жүктемесінен арылуға нақты көмек көрсетілді. Жобаға қатысушылардың едәуір бөлігі кейін партия белсенділерінің қатарына қосылды.