Елімізде 171-ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл жоба ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған

Фото: ТЖМ

Абай облысы Ақсуат ауданының Кіндікті ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру құрылымының жаңа бекеті жұмысын бастады. Бұл жоба Төтенше жағдайлар министрлігінің ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған кешенді жоспары аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бекеттің салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Алексей Штыкель, Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров және ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа нысан «Бастау» ЖШС басшысы Нұржақып Нұрланның қолдауымен бой көтерді.

Бөлімшенің қызмет көрсету аумағы Кіндікті және Алғабас ауылдары, сондай-ақ 12-ден астам қыстақ. Тұрғын үй саны 157, ал халық саны 599 адам.

Өртті сөндіру тиімділігін арттыру үшін округ аумағында су алуға арналған 29 өрт гидранты орнатылған. Бұл өрт сөндірушілерді сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және оқиға орнына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жаңа бөлімше өрт сөндіру автоцистернасы, өрт сөндіру-техникалық қару-жарақ және байланыс құралдарымен жабдықталған. Сонымен қатар жеке құрамға арналған арнайы қорғаныс киімдері де бар. Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік етуі үшін демалыс және тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай бекеттердің ашылуы шалғай ауылдардағы тілсіз жаумен күресу қауқарын едәуір күшейтеді.