«AMANAT» акциясы өңірлерде экологиялық мәдениетті күшейтуге бағытталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ел өңірлерінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру. Іс-шаралар бірнеше өңірде қатар ұйымдастырылып, оған жастар, партия белсенділері мен жергілікті тұрғындар кеңінен тартылған.
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Гаухар Шайхиниязованың мәліметінше, акция тек тазалық емес, тарихи сана қалыптастыруға да бағытталған.
«Басты мақсат – тарихқа тағзым етіп, өңір аумағындағы құнды жәдігерлерімізді жас ұрпаққа таныстыру. Бірқатар студент партия белсенділерімен бірге тазалық жұмысын жүргізіп, музей қызметкерінің тарихи жәдігер туралы ақпаратын тыңдады. Осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді Гаухар Шайхиниязова.
«AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібековтің айтуынша, бастама тұрғындарды ортақ жауапкершілікке үндейді.
«Қоршаған ортаның тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әсіресе көктем мезгілінде табиғат аясында, өзен-көл жағасында демалушылар саны артады. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар қоқыстарын жинамай кетіп жатады. Бұл – экологияға кері әсерін тигізеді. Сондықтан бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – тек аумақты тазалау ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру», – деді Талап Әбдібеков.
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында «Ақтоғай – Қызыларай» автожолы бойында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 50-ден астам адам қатысып, жол жиегі тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
«Бүгінгі акция – бір реттік іс-шара емес, әрбір азаматтың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. «AMANAT» партиясының бастамасы адамдарды ортақ мақсат төңірегінде топтастырып, елді мекендерді таза әрі жайлы етуге жол ашады», – деді Мейірман Кәрібаев.
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Даңқ мемориалы мен ескерткіштер аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шараны «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырды.
«Қазақстан халқының бірлігі күні – тек достық пен келісімнің мерекесі ғана емес, сондай-ақ ұлтына қарамастан Отан үшін күрескен жандарды еске алатын күн. Ел мен жер үшін майдан шебіне аттанған азаматтарды Отанға деген сүйіспеншілік біріктірді. Ал біз болсақ, бүгін олардың ерлігіне деген құрметіміз арқылы жұдырықтай жұмылып отырмыз. Мұндай акциялар этносаралық келісімді нығайтып, жастардың бойында шынайы патриоттық құндылықтарды қалыптастырады», – деді Александр Зель.
Осылайша «Таза бейсенбі» акциясы елдің бірнеше өңірінде бір мезгілде өтіп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты қадамға айналып отыр.