Елдің басым бөлігінде дауылды ескерту: жел күшейіп, бұршақ пен шаңды дауыл соғады

Синоптиктер 1 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялады

Елдің басым бөлігінде дауылды ескерту: жел күшейіп, бұршақ пен шаңды дауыл соғады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде 1 мамырға дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағында найзағай, бұршақ, қатты жел және шаңды дауыл секілді қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі. Кей өңірлерде тұман түсіп, үсік жүруі мүмкін.

Маңғыстау облысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел солтүстік және солтүстік-батыс бағытта соғады.

Жамбыл облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында жаңбыр мен найзағай болады. Күндіз кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Тараз қаласында да осындай ауа райы сақталады.

Астанада түстен кейін жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанады. Сонымен қатар шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Алматы облысының оңтүстігі мен таулы өңірлерінде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Алматыда да жаңбыр мен найзағай болжанса, Қонаевта желдің жылдамдығы 18 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақтөбе облысында солтүстік және шығыс бөлігінде жел 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.

Абай облысында шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысында жел күшейіп, түнде кей жерлерде топырақ бетінде 1 градус үсік жүреді.

Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей аумақта тұман түседі. Түнде үсік болуы ықтимал.

Солтүстік Қазақстан облысында күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Ақмола облысында да жаңбыр, найзағай, бұршақ және шаңды дауыл болжанып отыр. Желдің жылдамдығы 25 м/с-қа дейін күшейеді.

Қостанай облысында түнде және күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады.

Жетісу облысында Алакөл маңында желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.

Қарағанды облысында желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді.

Ұлытау облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады.

Қызылорда облысында жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл болжанып отыр.

Синоптиктер қолайсыз ауа райы кезінде тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, қажетсіз жағдайда алыс жолға шықпауды ескертеді.