«TURGYNDAR AMANATY»: Ұлытау облысында тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға бағытталған форум өтті
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында МИБ пен ПИК жүйесін жаңарту, тұрғындардың рөлін күшейту мәселелері көтерілді
Ұлытау облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға арналған ауқымды форум өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жезқазғанда ұйымдастырылған жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа моделін енгізу, МИБ пен ПИК жүйесін жетілдіру және тұрғындардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту мәселелері қаралды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларына негізделген. «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы осы бағытта өңірлік деңгейде нақты өзгерістерге жол ашып отыр.

Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, мәслихат депутаттары мен коммуналдық сала мамандары қатысты.
Жиында Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының маңызын атап өтіп, партияның бұл бағыттағы жұмысына тоқталды.
«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық саяси тірегі ретінде халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Солардың бірі – «TURGYNDAR AMANATY» жобасы. Бұл бастама – МИБ пен ПИК жүйесін жетілдіріп қана қоймай, тұрғындардың өз үйіне иелік ету мәдениетін қалыптастыратын жаңа қоғамдық модель. Осыған байланысты бүгін біз мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен бірге алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз», – деді ол.
Партия мәліметінше, Ұлытау облысында жалпы құны 47,3 млрд теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 630-дан астам жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар 189 шақырым жол жөнделіп, әлеуметтік салада 3 мектеп, 3 балабақша және денсаулық сақтау бағытында 21 нысан пайдалануға берілген.
Өңір әкімі Дастан Рыспеков тұрғын үй қорын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда 559 кондоминиум нысаны заңдастырылып, бұл жалпы қордың 36%-ын құрайды.
«Бүгінде тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы әзірленіп, сәйкесінше инвесторлар тарту арқылы жұмыстар басталды. Жоба аясында инвесторлар қаражатының қолдауымен Жезқазған, Сәтбаев қалаларында апатты деп танылған үйлер кезең-кезеңімен бұзылып, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынады. Біздің мақсат –әрбір тұрғын үшін қауіпсіз, жайлы әрі сапалы тұрғын үй ортасын құру. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясындағы бүгінгі кездесу осы мақсатқа қол жеткізу үшін нақты қадамдарды анықтамақ», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды жаңа заңнамалық өзгерістердің мәнін түсіндірді. Оның мәліметінше, бұл өзгерістер тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара қатынасты ашық әрі есеп беретін жүйеге көшіруге бағытталған.
«Үйді басқару түрі меншік иелерінің кемінде 51 пайыз дауысымен анықталады. Жаңа модель бойынша тұрғындарға үйді басқарудың бірнеше форматы ұсынылады: МИБ, ПИК, басқарушы компания, тікелей бірлескен басқару және уақытша басқарушы ұйым. Бұл жүйе тұрғындардың шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл басқару формалары – жай ғана таңдау емес, тұрғындардың жауапкершілігін арттыратын, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ететін және басқару сапасын күшейтетін нақты құрал», – деді ол.
Жиын қорытындысында қатысушылар бұл бастаманың мәні тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, азаматтық жауапкершілік пен ашықтықты арттыруда екенін атап өтті.
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үйді басқару жүйесін әлеуметтік сенім мен ортақ жауапкершілікке негізделген жаңа деңгейге шығаруға бағытталған ұзақмерзімді трансформация ретінде бағаланды.