Бішкекте жалған доллар айналымы: қазақстандықтарға сот үкімі шықты
Ірі көлемдегі жалған валюта ісі бойынша айыпталғандар жазасын алды
Қазақстан азаматтары Қырғызстан астанасында жалған АҚШ долларларын өткізуге қатысты қылмыс үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Kaktus.media ақпарынша, тергеу материалдарына сәйкес, қазақстандық Ерасыл Қырғызстан аумағында жалған валютаны айналымға енгізуді ұйымдастыру мақсатында қылмыстық келісімге барған. Ол тағы бір қазақстандық Жандоспен бірге 2023 жылғы 15–28 желтоқсан аралығында Бішкекте жергілікті Али есімді азаматпен бірнеше рет кездесіп, жалған купюраларды өткізу жолдарын талқылаған.
Кейін Ерасыл мен Жандос 100 долларлық жалған банкноттарды жалпы сомасы 70 мың доллар көлемінде Алиге берген. Өз кезегінде ол бұл іске Қырғызстан азаматтары Юсуф, Ілияс және Хасанды тартқан. Олар жалған 10 800 долларды банкомат терминалдары арқылы, тағы 600 долларды айырбастау пункттері арқылы айналымға енгізген. Осы әрекеттер нәтижесінде алынған 2 мың доллар шынайы ақша ретінде Қазақстанмен шекарада Жандос арқылы Ерасылға жеткізілген.
Бішкектің Бірінші Май аудандық сотының үкімімен Ерасыл мен Жандос алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі мөлшердегі жалған ақша айналымы бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, амнистия негізінде жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды.
Ал Юсуф, Ілияс және Хасан қылмысты жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 50 мың сом көлемінде айыппұл салынды. Алиге қатысты сот үкімі туралы ақпарат жарияланбаған.
Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы жаза мерзімі өтелгеннен кейін қазақстандықтарды ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Бішкек прокуратурасы кассациялық тәртіппен істі қайта қарауды сұраған. Прокурордың мәліметінше, соттар куәлардың айғақтарын толық ескермеген және амнистияны негізсіз қолданған. Іс материалдарына сай, банкке келтірілген шығын 952 172 сомды құраған, алайда оның 3/4 бөлігі өтелмеген.
Жандостың қорғаушысы да үкімді қайта қарауды сұрап, оның әрекетін қылмысты жасыру ретінде қайта саралауды талап еткен.
Алайда сот алқасы екі тараптың да шағымын қанағаттандырмай, бұрынғы үкімді өзгеріссіз қалдырды.