Шетелден көлік жеткіземін: Қазақстан азаматы бірнеше адамның ақшасын алып, Ресейге қашып кеткен

Автор: Асыл Арман

Алаяқтық жасаған күдікті Ресей Федерациясынан экстрадицияланды

Фото: Видеодан скрин

Қазақстан азаматы шетелден көлік жеткізіп беремін деп бірнеше адамның ақшасы алып, Ресейге қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратура бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

Тергеу барысында күдікті 2023 жылы интернет сайттарында шетелдік көліктерді сату туралы көрiнеу жалған жарнамалар жариялау арқылы жеті азаматтың ақшасын ұрлағаны анықталды.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

«2025 жылғы шілдеде ол Белгород облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айып тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.