Әке аманаты – ұрпаққа үлгі: Шу төріндегі турнир жас таланттарға мүмкіндік береді
Турнир биыл қатарынан сегізінші рет өтіп отыр
Жуырда Жамбыл облысы Шу қаласында Мұрат Бисеитовті еске алуға арналған тоғызыншы жыл сайынғы жасөспірімдер арасындағы ашық халықаралық BISEITOV CUP турнирі өтті. Осы орайда бұл миссияны жүзеге асырып жүрген BISEITOV CUP әлеуметтік жобасының негізін қалаушы Мақсат Жатабаевпен әңгімелестік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, BISEITOV CUP турнирінің басты миссиясы балалар мен жасөспірімдер арасында, әсіресе өңірлерде, салауатты өмір салты мен спортты насихаттауға арналған.
«Біз тек жарыс өткізіп қана қоймай, салауатты өмір салтын кеңінен дәріптейтін алаң қалыптастыруды көздейміз. Футбол, үстел теннисі және шахмат сияқты спорт түрлері арқылы жасөспірімдерге өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береміз, олардың дамуға деген қызығушылығын арттырамыз және дарынды спортшыларға жолдың басында қажетті қолдау көрсетеміз», - дейді Мақсат Жатабаев.
Оның айтуынша, биылғы турнир үш негізгі бағытты қамтыған, олар: футбол, үстел теннисі және шахмат.
«Біз үнемі дамып, бағдарламаны кеңейтіп келеміз. Мәселен, өткен жылы алғаш рет шахмат енгізе отырып, зияткерлік қабілеті жоғары жастарды тартуға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта турнирді барынша ауқымды әрі халықтық ету үшін жаңа спорт түрлерін қосу жоспарымызда бар. Турнир 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл турнирге 500-ден астам жас спортшы қатысты. Біз үшін ең үлкен жетістік – жарыстың өңірлік деңгейден асып, халықаралық сипат алуы. Қатысушылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстаннан да келді. 9 жыл ішінде 5 мыңнан астам бала осы турнир арқылы өткен. Бұл – Шу қаласында халықаралық деңгейдегі нағыз спорт орталығы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді», - дейді директор.
Жатабаев футбол турнирінің финалы нағыз тартысты әрі әсерлі өткенін айтты.

«Шешуші ойында Шу мен Қонаев қалаларының командалары кездесті. Кездесу жоғары қарқынмен, ерекше эмоциямен өрбіді. Дегенмен, Шу командасы тамаша дайындық деңгейін көрсетіп, алаңда толық басымдыққа ие болды. Нәтижесінде олар 7:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Мұндай ірі есеп финалда сирек кездеседі және бұл жеңімпаздардың биылғы деңгейінің өте жоғары екенін дәлелдейді. Үстел теннисі бойынша бәсеке де өте жоғары болды. Әдеттегідей, Шымкент спортшылары жалпы есепте көш бастап, өз өңірінің бұл спорттағы мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Дегенмен, турнирдің ерекшелігі – әрдайым тосын нәтижелердің болуы. Биыл сондай жаңалық Қостанай облысының командасы болды: турнирге алғаш қатысқан олар керемет нәтиже көрсетіп, өз топтарында жүлделі орындардың басым бөлігін иеленді. Сонымен қатар Қырғызстаннан келген спортшылар да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жарысқа халықаралық тартыс қосты», - деді Мақсат Жатабаев.
Мақсат Жатабаев жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жобасын ашуға әкесі Мұрат Бисеитов себеп болғанын айтады.
«Ол үшін спорт жай ғана хобби емес, бүкіл өмірінің мәні болды. Оның жолы Шу қаласында басталып, туған жеріне деген адалдығымен ерекшеленді. Мұрат Қойайдарұлы жан-жақты спортшы еді: теміржолшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болған, әскер қатарында спорт ротасында өнер көрсеткен. Ең бастысы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол әдіскер ретінде көптеген жастарға спорттағы өз жолын табуға көмектесті. Турнирдің оның есімімен аталу себебі де осы. Оның өмір жолы - бүгінгі жас буын үшін нағыз үлгі. Біз жас спортшылар оның тұлғасынан табандылықты, адалдықты және туған жерге деген сүйіспеншілікті көргенін қалаймыз», - деп түйіндеді Мақсат Жатабаев.