Педагог оқушыға буллинг жасаса не болады: депутат әдеп нормалары жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол әдем нормалары бұрыннан бар дейді

Фото: istockphoto.com

Мәжілісте педагог мәртебесіне қатысты заң жобасын талқылау барысында мұғалімдердің жауапкершілігі мен этикасына қатысты мәселе де көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов кейбір жекелеген жағдайлар болуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ, алайда бұл жүйелі мәселе емес екенін де айтты.

«Әрине, әр салада әртүрлі адамдар бар – педагогтар да, журналистер де, депутаттар да. Кейбір жағдайда дұрыс емес педагогикалық шешімдер болуы мүмкін. Бірақ біз бұл мәселелерді заңнамалық деңгейде қарастырдық», – деді ол.

Оның айтуынша, педагогикалық этика талаптары бұрыннан бекітілген және мектептерде арнайы кеңестер жұмыс істейді.

«Біріншіден, педагогикалық әдеп нормалары бар. Екіншіден, әр мектепте педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер құрылған. Үшіншіден, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған», – деп атап өтті депутат.

Ол туындаған даулы жағдайларда қолданыстағы тетіктерді пайдалану қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар, депутат мұғалімдердің басым бөлігі өз ісіне адал екенін айтты.

«Әріптестеріміздің көпшілігі – кәсіби, адал мамандар. Бүгінде олардың жұмысы оңай емес, әсіресе қазіргі жағдайда балалармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді», – деді Аймағамбетов.