Жітіқарада емхананы жөндеуге жемқорлардан қайтарылған 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды
Қайтарылған активтер есебінен емхана қайта жаңартылды
Қостанай облысының Жітіқара ауданында жемқорлардан қайтарылған ақшаға емхана ғимаратына жөндеу жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару және оларды тиімді пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Жітіқара аудандық ауруханасына өтетін өткелі бар емхана ғимаратын қайта жаңарту жұмысы аяқталды. Осы жобаны іске асыруға 972 миллион теңге бағытталды, қаржы толықтай Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мемлекет бюджетіне қайтарған қаражат есебінен бөлінді.
Қайтарылған активтерді әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағыттау – олардың қоғам игілігі үшін тиімді пайдаланылып отырғанының айқын көрінісі.
«Жүргізілген қайта жаңарту нәтижесінде медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылып, медициналық көмек көрсету жағдайлары жақсартылды, сондай-ақ пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи әрі қауіпсіз жағдайлар жасалды. Жобаны іске асыру Жітіқара ауданы тұрғындары үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Емхананы іске қосу нысанды аудандық аурухананың балансына беру және оны ресми түрде пайдалануға енгізу бойынша барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін жоспарланып отыр.