Елімізде шекарадан өтуге кететін уақыт 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады

Бұл дегеніміз - сегіз есе аз уақыт 

Елімізде шекарадан өтуге кететін уақыт 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады
Фото: gov.kz

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев шекарадан өтетін көлік жүргізушілеріне жақсы жаңалық айтты. Енді шекарадан өту біршама жеңілдейді. Себебі оған жасанды интеллект араласпақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Smart Cargo – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін цифрлық платформа. Жүк туралы барлық мәліметтер QR-код арқылы қолжетімді. Жасанды интеллект құжаттарды автоматты түрде тексереді, маршруттарды құрып, қозғалысты бақылайды және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады», - дейді Сауранбаев.

Оның айтуынша, министрлік ішкі процестеріне трансформация жүргізуге ерекше назар аударған.

«Бұл жұмыс жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп жүріп жатыр. Қазір көп уақыт құжаттарды қолмен өңдеуге кетеді және 30 күнге дейін уақыт алады. Жасанды интеллект енгізілгеннен кейін бұл мерзім 3 күнге дейін қысқарады. Біздің міндет қызметкерлерді қолмен өңдеуден босатып, талдау және шешім қабылдау деңгейіне көшіру», - дейді министр.

Сондай-ақ, е-Көлік жүйесі қалыптастып жатыр.

«Бірыңғай интеллектуалды көлік жүйесі е-Көлік қалыптастырылып жатыр. Платформа QazTech базасында құрылады және барлық көлік түрлерін біріктіреді. Бұл деректерді жинауға, өңдеуге, көлік ағындарын болжауға және шешімдерді автоматты түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Әлемдік бағалау бойынша көлік саласы деректердің ең ірі генераторларының бірі.Осыған байланысты жасанды интеллект оларды өңдеудің негізгі құралына айналады.Е-Көлік саланы алдын ала басқаруға мүмкіндік береді», - деді ол.