Бұрынғы үш күндік бақылау 4 сағатқа қысқарады: жасанды интеллект Қазақстандағы құрылыс саласын өзгертпек

Министр бірқатар жобаны таныстырды

Бұрынғы үш күндік бақылау 4 сағатқа қысқарады: жасанды интеллект Қазақстандағы құрылыс саласын өзгертпек
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылысты жобалау сәтінен бастап, бақылауға дейінгі аралықта AI жұмыс істейтінін, яғни, жасанды интеллект құрылыс саласын қалай өзгертетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрылыс саласында жасанды интеллект жобалаудан бастап, құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңдерде еніп жатыр. Жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе, нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады», - дейді Нағаспаев.

Оның айтуынша, бұл жобаның сәйкестігін анықтау уақытын 3 күннен 4 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар «Қазақтелекоммен» бірлесіп, қалалардың digital twins моделін жасау үшін дрон қолдану жұмыстары жүріп жатыр.  Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллектті енгізу жоспарланған. Осы мақсатта құрылыс нормалары машина оқи алатын форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жобаларды алдын ала тексеруге мүмкіндік беріп, сараптама мерзімін қысқартуға жағдай жасайды», - дейді министр үкімет отырысында.

Сондай-ақ, бұл әр өңірдің ерекшелігі мен сейсмикалық жағдайын ескере отырып, типтік жобаларды қарау уақытындағы айырмашылықты жояды.

«Яғни еліміз бойынша мемлекеттік сараптаманың бірыңғай әрі ашық болуын қамтамасыз етеді. Қосымша BIM жүйесін жобалаудың міндетті стандарты ретінде енгізу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде өнеркәсіптік объектілер құрылысынан бастаймыз. Құрылыс кезеңінде нысандарды цифрлық мониторингілеу қолданылады. Мысалы, «Қазақстан тұрғын үй компаниясында» machine vision технологиясын қолданатын видеомониторинг жүйесі енгізілген. Ол техника қозғалысын, жұмыс күшін пайдалануын және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құрылысқа толық әрі үздіксіз бақылау қамтамасыз етіледі», - дейді ол.