Қазақстандықтарға жасанды интеллект білім, денсаулық және бизнес бойынша кеңес бере алады

Министр қазір осындай қызметке сұраныс артып отырғанын жеткізді

Қазақстандықтарға жасанды интеллект білім, денсаулық және бизнес бойынша кеңес бере алады
Фото: gov.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында 50-ден астам AI-агент халыққа қызмет ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік органдар әртүрлі салалар бойынша азаматтар үшін 50-ден астам AI-агентті қалыптастырып жатыр. Олар халықтың өмір сүру сапасын және бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады. Қазірдің өзінде осы шешімдерге практикалық сұраныс бар. Мысалы: eGov AI ассистенті 2,3 миллионнан астам рет пайдаланылды, құқықтық AI-кеңесші 230 мыңнан астам кеңес берді, AI-терапевт 35-тен астам клиникада жұмысын бастаған, сондай-ақ білім беру саласында AI-агенттер еніп жатыр», - дейді ол.

Министр атағандай, жасанды интеллект негізінде жүргізіліп жатқан реинжиниринг кейстері де бар.

«Бизнесті ашуға арналған AI-көмекші бар. Бұл жоба Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұрын бір үйде немесе ауданда бір уақытта бірнеше ұқсас нысанның ашылу қаупі болатын. Мысалы, кофеханалар немесе дәріханалар. Енді кәсіпкер картадан қажетті аумақты таңдайды, ал жүйе осы локацияда кімнің тіркелгенін немесе жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект бизнес ашуға неғұрлым қолайлы нұсқаларды ұсынады», - дейді Мәдиев.

Еске салсақ, осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді.