Павлодар облысының тұрғынынан ірі көлемде мефедрон табылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Polisia.kz

Павлода облысында полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде ірі есірткі арнасы жойылып, жергілікті тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, жеке тінту барысында одан сатуға дайын шамамен 60 орама табылды. Күдіктінің пәтерін тінту кезінде полицейлер синтетикалық және психотроптық заттардың ірі партиясын анықтады. Мамандардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат – 1,2 келі мефедрон. Сондай-ақ таразы, қаптама материалдары және қылмыстық әрекетті дәлелдейтін өзге де айғақтар алынған.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Полиция қызметкерлері жеткізу тізбегін және ықтимал сыбайластарды анықтау үшін жедел-іздестіру жұмысын жалғастырып жатыр», – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚБ бастығынын м.а. Диас Қадыров.