Ақтауда ашық кәріз құдығына қыз бала құлап кетті

Оқиға 26 сәуір күні кешкі уақытта болған

Ақтауда ашық кәріз құдығына қыз бала құлап кетті
Фото: Lada.kz

Ақтауда ашық тұрған кәріз құдығына қыз бала құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбірленуші баланың анасының айтуынша, оқиға 26 сәуір күні кешкі уақытта 19А шағынауданындағы №15 үйдің алдында болған.

«Кім жасағанын білмеймін, бірақ шұңқырдың бетін жаңбырдан қорғау үшін үш картонмен жауып қойыпты. Мұны ПИК қызметкерлері жасаған болуы мүмкін», – дейді ол.

Оқиға болған күні қыз бала әдеттегі ойын алаңында емес, одан сәл әрірек өзінен жасы үлкен қызбен ойнап жүрген.

«Оның жауап бермей қалғанын байқап, бірден іздеуге шықтым. Бір кішкентай қыз келіп, баланың люкке құлағанын айтты. Алғашында менің қызым емес шығар деп ойладым. Ең сорақысы, балам көмекке шақырғанымен, ешбір ересек адам көмектеспеген», – дейді анасы.

Бес айлық жүкті әйел қызын әрең шығарып алған. Оқиғадан кейін күйеуімен бірге полиция шақырып, арыз жазған. Құқық қорғау органдары қауіпті шұңқырды үлкен таспен жауып кеткен.

Қыз бала балалар ауруханасының травмпунктіне жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр жарақат жоқ – тек сызаттар, көгерген жерлері анықталған және желке тұсы ісіп қалған.

«Балалар алаңының жанындағы мұндай люктерге кім жауап береді?» – деп наразылық білдірді тұрғын.

Қала әкімдігі әзірге бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.