«TURGYNDAR AMANATY»: әрбір тұрғын үйде жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын жүйелі шешім
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы нақты өзгерістерге бағыт алды
Орал қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында көппәтерлі үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған өңірлік форум өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында тұрғын үй қорын басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ашықтықты күшейту және тұрғындармен кері байланысты жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ МИБ пен ПИК жұмысының тиімділігін арттыру бағытындағы нақты ұсыныстар қаралды.
Форумға «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, мәслихат депутаттары, коммуналдық сала өкілдері және МИБ мен ПИК төрағалары қатысты. Алдын ала өткен панельдік сессияда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы өзекті мәселелер сараланып, ұсыныстар пысықталған.
Мәди Оспановтың мәліметінше, партия тұрғындардың нақты сұранысына сүйенген жүйелі жұмысқа басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, азаматтар тек өтініш айтып қана қоймай, нақты ұсыныстарын да жеткізе бастаған, бұл өз кезегінде партия алаңының шешім ұсынатын тиімді тетікке айналғанын көрсетеді. Сондай-ақ ол өңірде 2 498 көпқабатты үйдің 1,5 мыңы кондоминиум ретінде заңдастырылғанын атап өтіп, басты міндет – қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үй ортасын қалыптастыру екенін жеткізді.
Оспанов МИБ пен ПИК төрағаларының жауапкершілігіне де тоқталып, олардың белсенділігі жергілікті деңгейдегі нәтижеге тікелей әсер ететінін айтты. Осыған байланысты жоба аясында басқарушыларды «OSI-SKILLS» форматында оқыту, депутаттармен және тұрғындармен тұрақты диалог орнату, әкімдіктермен өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ абаттандыру жобаларын іске асыру көзделген.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, тұрғын үйді басқару жүйесін реформалау біржақты шешімдермен шектелмеуі тиіс. Оның айтуынша, бұл сала адамдар арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты болғандықтан, кәсіби кадрлар, икемді тәсіл және тиімді реттеу тетіктері қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлқәйдың дерегінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту – стратегиялық маңызы бар бағыт. Ол бұл саладағы өзгерістер халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өткен.
Ал Орал қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Чабдаров саладағы негізгі мәселенің бірі – тұрғындардың белсенділігінің төмендігі екенін айтты. Оның сөзінше, шешім қабылдау үшін тұрғындардың басым бөлігі қатысуы қажет болғанымен, іс жүзінде көпшілік жиындарға келмейді. Сонымен қатар кадр тапшылығы да өзекті: салада көбіне зейнет жасындағы мамандар еңбек етуде. Бұл мәселені шешу үшін қызметтік тұрғын үй беру тетігін қарастыру ұсынылған.
Форум барысында МИБ пен ПИК төрағаларын оқыту, тұрғындардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, тариф саясаты мен құқықтық реттеу мәселелері де қозғалды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимылға қатысты сұрақтарын қойып, нақты түсіндірмелер алды.
Жалпы, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін ашық әрі тиімді етуге, сондай-ақ тұрғындардың күнделікті өмірінде нақты өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған.