«Бізге қысым жасады»: ҚМА блогер Эльмира Төлегенованың мәлімдемесіне жауап берді

Агенттіктің мәліметінше, күдіктілер тек қорғаушының қатысуымен ғана тергелген

«Бізге қысым жасады»: ҚМА блогер Эльмира Төлегенованың мәлімдемесіне жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржылық мониторинг агенттігі сотта сөз сөйлеген блогер Эльмира Толегенованың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Ерболат Жанабыловтың жұбайы тергеу барысында өзіне және күйеуіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттіктің мәліметінше, күдіктілер тек қорғаушының қатысуымен ғана тергелген.

«Күдіктілер Е.Жанабылов пен Э.Төлегенова тергеу әрекетіне қорғаушысымен ғана қатысты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және қылмыстық іс материалдарымен танысу кезінде аталған тұлғалардан қысым көрсету, қорқыту және ықтимал бопсалау туралы агенттікке, прокуратура органдарына немесе сотқа ешқандай өтініш түскен жоқ», – деп хабарлады ведомство.

Агенттікте сондай-ақ айыпталушылардың қатысуымен жүргізілген барлық тергеу әрекеттері қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес аудио және бейнежазбаға тіркелгені нақтыланды.

Сонымен бірге ведомство Төлегенованың мәлімдемелері қазіргі уақытта тексеріліп жатқанын және оларға құқықтық баға берілетінін қосты.

Еске салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты аталған жұпқа қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея ұйымдастыру дерегі бойынша іс тоқтатылып, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар Экономикалық тергеу департаментіне жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты азаматтардың сеніміне кіріп, заңсыз табыс тапқан.

Қылмыстық іс аясында келтірілген жалпы шығын көлемі 247 млн теңге көлемінде бағаланып отыр.