Өскеменде көкөніс бағасын шарықтатқан кәсіпкер анықталды

Көтерме базарда үстеме баға 86%-ға дейін жеткені анықталып, тексеріс басталды

Өскеменде көкөніс бағасын шарықтатқан кәсіпкер анықталды
Фото: gov.kz

Өскемендегі «Дина» көтерме базарында әлеуметтік маңызы бар көкөніс бағасын негізсіз өсіру фактісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, жүргізілген кешенді мониторинг барысында жеке кәсіпкерлердің бірі сәбіз, картоп және қырыққабат бағасына заңда белгіленген шектен бірнеше есе жоғары үстеме қосқаны анықталған. Электрондық шот-фактураларға жасалған талдау осы өнімдердің сауда тізбегінде айтарлықтай қымбаттап отырғанын көрсетті.

Атап айтқанда, сәбіз Павлодар облысынан 170 теңге/кг бағамен сатып алынып, кейін 230 теңгеге дейін сатылған. Үстеме баға 35%-ға жеткен. Картоп бойынша айырмашылық одан да жоғары: Абай облысынан 150 теңгеден алынған өнім Өскеменде 250–280 теңгеге дейін қайта сатылып, үстеме 70%-дан 86%-ға дейін өскен. Қырыққабат та дәл осындай схемаға түскен — 130 теңгеден алынған өнім 200–220 теңгеден өткізіліп, үстеме 53%-дан 69%-ға дейін жеткен.

Осы көкөністер кейін қаладағы «үй маңындағы» дүкендерге жеткізіліп, қосымша үстемемен халыққа ұсынылған. Нәтижесінде түпкі тұтынушы үшін баға бірнеше есеге дейін қымбаттаған.

Аталған деректер өңірлік комиссияның отырысында қаралып, кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеріс бастау үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Заң бұзушылық расталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, бағаны төмендету жөнінде міндет жүктеледі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда департаментінің түсіндіруінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын шекті сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс. Бұл талап бұзылған жағдайда жауапкершілік қарастырылады.