Run for Autism жарысы қоғамды біріктірген ауқымды әлеуметтік қозғалысқа ұласты
Астанада аутизмі бар адамдарды қолдауға арналған Run for Autism қайырымдылық жарысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара «AMANAT» партиясы мен қала әкімдігінің қолдауымен «Bolashak Charity» қорының бастамасымен ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 26 қаласынан келген 5000 адам қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, баршаға тең мүмкіндік жасау – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаты. «AMANAT» партиясы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау, инклюзивті ортаны дамыту және тең мүмкіндік қалыптастыру бойынша нақты бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі Run for Autism қайырымдылық іс-шарасы – қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің жарқын көрінісі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден мыңдаған адамның Астана төрінде бас қосуы – инклюзивті қоғам құруға деген ортақ ұмтылыстың белгісі. Осындай игі жобалар арқылы біз әр адамның қоғам өміріне толыққанды араласуына жол ашамыз. Ең бастысы, бұл жарыс – мейірім мен қолдаудың үлкен мерекесі», – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар медальдар мен дипломдарға ие болып, естелік сыйлықтармен марапатталды.