Полиция рюкзак пен пәтерден ондаған түйіншек пен орау құралдарын тәркіледі
Астанада есірткі заттарын таратты деген күдікпен 19 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті учаскелік инспектордың аумақты кезекті аралауы кезінде назарға іліккен. Жас жігіттің әрекеті күмән тудырып, тексеру барысында оның рюкзагынан изолентамен оралған 8 түйіншек табылған. Әрқайсысының ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті зат салынған 20 ұсақ орама болған. Алдын ала дерек бойынша, бұл – синтетикалық «альфа-PVP» есірткісіне ұқсас зат.
Күдіктінің жалдамалы пәтерінде жүргізілген тінту кезінде ас үй үстелінен кофе стақандарына жасырылған 2 қағаз орама анықталған. Сонымен қатар, шыны ыдыста сақталған есірткіге ұқсас заттар, сондай-ақ оларды өлшеуге және буып-түюге арналған құралдар тәркіленген.
Тергеу барысында ұсталған азамат қала аумағында бұрын дайындап қойған 2 «жасырын орнын» көрсеткен. Бұл орындардан да ұсақ түйіншектерге бөлінген есірткіге ұқсас заттар табылып, айғақ ретінде алынған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.