Алматыда соққыға жығылған зейнеткердің жағдайы белгілі болды

Оның туыстары емдеу шараларын жеке емханада жалғастыруды жөн көрген

Алматыда соққыға жығылған зейнеткердің жағдайы белгілі болды
Фото: © istockphoto.com

Алматыда аялдамада отырған жерінен белгісіз ер адамның шабуылына ұшыраған қария мемлекеттік ауруханадан шығарылды. Алайда туыстары оның денсаулығына алаңдап, емдеу шараларын жеке емханада жалғастыруды жөн көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жәбірленушіге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. 

«Жарақаттарға алғашқы хирургиялық өңдеу жасалып, тігістер салынды. Ем-дом тағайындалып, тиісті кеңестер берілді. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Жәбірленуші Гүлнәр Әбиқызының көршілері бұл жағдайдан кейін көшеге шығуға қорқып қалғандарын айтады. Олардың сөзінше, зейнеткер бұрын мұғалім болып жұмыс істеген, айналасына сыйлы әрі сабырлы адам. 

Өткен жылы жәбірленушінің жолдасы қайтыс болған. Қазіргі уақытта ол жалғыз тұрады. Бір қызы Ташкентте, екіншісі Алматыда тұратыны белгілі болды.

Оқиға орнындағы куәгерлер мен көршілердің айтуынша, күдікті сол маңдағы үйлердің бірінде тұруы мүмкін. Кейде аялдамада түнеп жүргенін көргендер де бар. Куәгерлер оны «арықша келген жас жігіт» деп сипаттады.

Еске сала кетейік, жан түршігерлік оқиға 2026 жылдың 23 сәуірінде болған.