Астанада Есіл өзені бойындағы серуендер қайта жанданады

Автор: Алмас Ерсін

Барлық теплоходтар сырланып, толық техникалық қызметтен өткен

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада жазғы туристік маусымға дайындық аяқталуға жақын. Экскурсиялық теплоходтар 1 мамырдан бастап қайтадан қатынай бастайды. Осыған дейін Есіл өзенінің жағалауында кемелерді суға түсіру рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығында атап өткендей, өзен бойымен серуендеу – тұрғындар мен қала қонақтары арасында ең сұранысқа ие демалыс түрлерінің бірі.

«Есіл бойындағы серуен – Астанадағы танымал туристік бағыттардың бірі. Жыл сайын оған деген қызығушылық жоғары», – деді департамент директоры Саят Оразтай.

«Есіл Астана» кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, маусым басталар алдында барлық флот қажетті дайындықтан өткен.

«Барлық теплоходтар сырланып, толық тексерістен өтті. Жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше мән берілді: жаңа құтқару кеудешелері сатып алынып, жабдықтар толық тексерілді», – деді компания менеджері Карина Данилко.

Биыл өзен бойымен 45 орындық «Астана KSW-082», 65 орындық «Есиль KSW-092» және «Р-118», сондай-ақ әрқайсысы 30 жолаушыға арналған «КС-192», «КС-201» және «ПР-151» теплоходтары қатынайды.

Сонымен қатар демалыс серуендеріне арналған 12 адамға дейінгі топтарға лайықталған төрт жылдам катер қосылды.