Өмірлік жаза аздық етпеді: экс-президентке жаңа айып тағылып, тағы 30 жыл сұралды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Юн Сок Ёльге Солтүстік Кореямен қақтығысты әдейі ушықтырмақ болды деген күдік ілінді

Фото: REUTERS/Kim Hong-ji/ File Photo

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль жаңа қылмыстық іс бойынша айыпталып, оған қосымша 30 жыл түрме жазасын тағайындау сұралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Associated Press мәліметінше, бұған дейін экс-президент мемлекеттік төңкеріс жасау ісі аясында өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Енді тергеу деректеріне сәйкес, ол 2024 жылы Солтүстік Кореямен арадағы жағдайды әдейі шиеленістіруге бағытталған әрекеттерге барған деген күдікке ілінді.

Прокуратураның мәліметінше, Пхеньян үстінен дрондардың ұшуын ұйымдастыру жоспары жүзеге асырылған. Тергеу бұл әрекетті екі ел арасындағы қатынасты ушықтырып, кейін ел ішінде әскери жағдай енгізуге негіз қалыптастыру талпынысы ретінде бағалап отыр.

Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, бұрынғы мемлекет басшысы жоғары лауазымды әскери шенеуніктермен бірлесіп, қарулы қақтығыс қаупін қолдан жасап, оны саяси қарсыластарына қысым көрсету құралы ретінде пайдаланбақ болған.

Іс аясында бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён да жауапқа тартылған. Прокуратура оған 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Тергеу деректеріне сәйкес, ол әскери жағдай енгізу жоспарын әзірлеуге және армияны пайдалануға қатысқан.

Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея прокуратурасы Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындау мәселесін де көтерген.