«AMANAT» сайлауалды бағдарламасы: Ақтауда құтқару қызметінің мүмкіндігі жаңа деңгейге көтерілді
Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде жаңа өрт сөндіру депосы салынып, іске қосылды
Биыл Ақтау қаласының 35-шағын ауданында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Нысанның ашылуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласында халық санының артуына байланысты өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын күшейту қажеттілігі туындады. Бұл мәселені облыстық Төтенше жағдайлар департаменті алға тартып, «AMANAT» партиясынан қолдау сұраған еді. Осылайша партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірде жаңа өрт сөндіру депосы салынып, іске қосылды.
Аталған нысан бүгінде 35-шағын аудан және оған іргелес аумақтарды, соның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды, жалпы 40 мың адам тұратын аумақтың өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Бұл нысанның ашылуы өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету жүйесін жаңа деңгейге көтерді.

«Депода 70-ке жуық қызметкер халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жатыр. Нысан заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Депо қолданысқа берілген уақыттан бері 50-ден астам шұғыл қоңырау келіп түсті. Барлық дабыл қоңырауына құтқарушылар тарапынан дер кезінде әрекет жасалды», – деді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азамат Садақбаев.
Өрт сөндіру депосында жеке құрамға арналған әлеуметтік жағдай толық жасалды. Мұнда алты пәтерден тұратын екі қабатты жатақхана, сондай-ақ өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың физикалық дайындығын шыңдауға арналған спорт зал бар.
«Маңғыстау облысында партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттер кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар оң нәтижесін беруде. 2025 жылы 6 өрт сөндіру нысаны пайдалануға берілсе, биыл тағы 2 нысанды іске қосу жоспарда», – деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.

Осылайша жаңа өрт сөндіру депосының іске қосылуы өңірдегі қауіпсіздік жүйесін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды дамытуға негіз болады.