Оның айтуынша, құс өлекселері салынған пакетті оған белгісіз ер адам басқа елді мекенге жеткізіп беруді сұрап тапсырған
Ақмола облысында полицейлер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек құстарды атып алғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 22 сәуір күні Целиноград ауданындағы блок-бекетте болған. Патрульдік полиция қызметкерлері Қостанай тұрғынына тиесілі Hyundai Grandeur автокөлігін тоқтатқан. Жүксалғышты тексеру кезінде атып алынған екі құстың өлексесі табылған, олардың бірі мемлекет қорғауындағы түр – қызылжемсаулы қарашақаз болуы мүмкін.
«Жүргізушінің айтуынша, құс өлекселері салынған пакетті оған белгісіз ер адам басқа елді мекенге жеткізіп беруді сұрап тапсырған. Бұл нұсқа қазіргі уақытта тексеріліп жатыр. Сонымен қатар жүргізушінің аңшы екені анықталды: жүксалғышта оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтық және тиісті куәлігі болған», – делінген хабарламада.
Сирек және жойылып кету қаупі бар жануарларға заңсыз әрекет жасау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында сот Балқаш көлінде тыйым салынған кезеңде заңсыз балық аулаған тұрғынға үкім шығарғаны хабарланған болатын.