«Үлкен сабақ болды»: Эльмира Төлегенова үкім шығар алдында жылап, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінді

Автор: Аягөз Құрмаш

Қылмыстық іс бойынша жалпы шығын көлемі 247 млн теңге деп бағаланып отыр 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта денсаулығына байланысты алдыңғы процеске қатыса алмаған Эльмира Төлегенова соңғы сөзін айтып, өз кінәсін түсінемін деді. 

«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Сондай-ақ процессуалдық келісім жасасуды өтінеміз, оның барлық шарттарын түсіндік», – деді ол.

Еске салсақ, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты аталған жұпқа қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтап, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты сенімге кіріп, заңсыз табыс тапқан.

Тергеу деректеріне сәйкес, Ерболат Жанабыловқа тиесілі 2024 жылғы Lamborghini Urus көлігінің құны 237 млн теңге, ал Эльмира Төлегенова мінген Lexus LX 600 78 млн теңгеге бағаланған. Қылмыстық іс бойынша жалпы шығын көлемі 247 млн теңгені құрайды.