«Таза бейсенбі»: Өркениетті қоғам өзімізден басталады
Ел бойынша өткен акцияда мыңдаған адам қатысып, ондаған тонна қоқыс жиналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәселен, Қызылорда облысында «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалы ұйымдастырған экологиялық акция барысында «Оқшы ата» кесенесінде және тарихи-мәдени мұра нысандарында, киелі орындар мен қорымдарда тазалық жұмысы жүргізіліп, абаттандырылды. Оған 200 жүзге жуық адам қатысты. Акцияға аудандық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері, партияның аудандық филиалының қызметкерлері, мемлекеттік мекеме мамандары, ардагерлер, еріктілер және жастар қауымы атсалысты. Сонымен қатар іс-шара барысында 1 мың түптен астам ағаш көшеттері егіліп, «Оқшы ата» кесенесі айналасынан 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Негізгі мақсат – аудан аумағында санитарлық тазалық жүргізу, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру. Бұл қадам аудан тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да аудан аумағында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған санитарлық-тазалық және абаттандыру жұмысы жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Шиелі аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «Көкшоқы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұргүл Шәлекеева.
Ал Атырау қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты қоршаған ортаны қорғау ісіне атсалысты. Осылайша, 300-ден астам белсенді азамат ортақ мақсат төңірегінде топтасты. Олардың қатарында Атырау қалалық мәслихаттының депутаттары, «ForteBank» қызметкерлері, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің, Атырау «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінің, Атырау Энергетика және құрылыс колледжінің, Атырау мұнай және газ университетінің студенттері, Жастар мәслихатының өкілдері бар.
«Бұл акция аумақты тазалаумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – азаматтардың санасына тазалық мәдениетін сіңіріп, туған жерге деген жауапкершілікті күшейту», – деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев.
Қатысушылар жол жиегіндегі, қоғамдық аумақтардағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы техника көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында ауданның орталық көшелері, саябақтар мен стадион аумақтары ретке келтіріліп, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған іс-шаралар қолға алынды. Акцияға жастар қауымы мен белсенді тұрғындар қатысып, ортақ іске үлес қосты. Нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Тұран ауданына қарасты Абай саябағында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Оған 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, сондай-ақ коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшылары бар. Іс-шара барысында «Мәңгілік алау» мемориалының аумағы қоқыстан тазартылып, саябақта бей-берекет өскен ағаш мен шөп ретке келтірілді.

Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Бұқпа төбешігі төңірегінде 4 гектар аумаққа шамамен 40 мың көшет отырғызылды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары, сондай-ақ депутаттар мен белсенді тұрғындар атсалысты.
«Елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы жүйелі жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау. Бүгін партия мүшелері Көкшетау қаласында ағаш көшеттерін екті. Бұл – табиғатты сақтау ісіне қосқан үлесіміз», – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.