Алматыда жүздеген азаматтан 4 млрд теңге жымқырған күдікті Грузияда қолға түсті
Ол автонесие рәсімдеу сылтауымен алматылықтарды алдаған
ТМД елдерінің аумағында 15-16 сәуір күндері «Іздеу» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі күннің қорытындысы бойынша 314 қылмыскер ұсталды. Олардың ішінде: 5-еуі – адам өлтіргені үшін, жетеуі денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін және тағы 5 адам қарақшылық шабуыл жасағаны үшін, жетеуі тонау фактілері бойынша және 15-і есірткі қылмыстары үшін іздеуде болған. Ел аумағынан тыс жерде 39 адам ұсталды, сондай-ақ өзге мемлекеттердің сұрауы бойынша іздеуде жүрген 189 адамның орналасқан жері анықталды.
Қазақстан тарапының сұрауы бойынша Белград қаласында өткен жылдың желтоқсан айынан бері жасырынып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Ол Түркістан облысында әуе компаниясында менеджер болып жұмыс істей отырып, шамамен 176 миллион теңгені заңсыз иемденіп, жеке мақсатына жұмсаған.
Бішкекте Астана қаласы полиция департаментінің іздестіру тобы 2024 жылдың қазан айынан бері қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасағаны үшін жасырынып жүрген Қазақстан азаматын ұстады.
Грузиялық әріптестермен өзара іс-қимыл аясында Рустави қаласында алаяқтық жасаған күдікті ұсталды. Ол адамдар тобымен бірге автонесие рәсімдеу сылтауымен 2022-2024 жылдары Алматы қаласында 232 азаматқа 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Күдікті өткен жылдың шілде айынан бері іздеуде болған.
Қарағанды облысында бес жылдан астам уақыт бойы қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген қылмыскер ұсталды. Ол екі деңгейлі жеке тұрғын үйдің шатырында жасырынған. Сол жерде санитарлық тораптағы шкафтың артына жасырылған құпия бөлме жабдықтаған. 2018 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында күш қолдану арқылы кәсіпкерден ақша мен мүлікті бопсалап, 117 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.
Жамбыл облысында Бішкек қаласында адам өлтіргені үшін 2024 жылдың соңынан бері іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды. Сонымен қатар іс-шара барысында 51 хабар-ошарсыз кеткен адам табылды, олардың 8-і – кәмелетке толмаған.