Қазақстандағы цифрлық дәуірдің жаңа кезеңі: AI, крипто және халықаралық жобалар бір алаңда тоғысты

Болашақ осында басталады

Қазақстандағы цифрлық дәуірдің жаңа кезеңі: AI, крипто және халықаралық жобалар бір алаңда тоғысты
Фото: Ақорда

Болашақ қазірдің өзінде қалыптасып жатыр. Криптовалютамен төлем жасау, жасанды интеллект арқылы басқарылатын ойындар және жаңа буынға арналған AI мектептері бұрын қиял сияқты көрінсе, бүгінде олар нақты шындыққа айналды. Осы мүмкіндіктердің барлығын бір алаңға біріктірген alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы толыққанды жұмысын бастап, технологиялық серпілістің жаңа кезеңін ашты. Бұл орталық тек инфрақұрылым емес, идеялар мен инновациялар тоғысқан экожүйе, мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары іске асып, стартаптар дамып, жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы цифралндыру және архивтер басқармасының басшысы Ержан Мағжан мемлекеттік органдардың жұмысын жасанды интеллект арқылы қалай жеңілдетуге болатынын айтты. 

«Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы ретінде бүгінгі байқауда біз «AI өңірі» номинациясы бойынша жеңімпаз атандық. Бұл - біз үшін үлкен құрмет әрі маңызды жетістік. Айта кету керек, соңғы жарты жылда біз Smart Aqmola платформасын әзірледік. Жобаны жасау барысында үлкен аналитикалық және методологиялық жұмыс жүргізілді. Ең алдымен, деректерді орталықтандыруға басымдық бердік, яғни барлық ақпаратты бір жүйеге біріктірдік. Бұрын мемлекеттік қызметкерге шешім қабылдау үшін әртүрлі деректерді қолмен жинап, ұзақ уақыт жұмсауға тура келетін. Қазір бұл процестер автоматтандырылды. Біз жасанды интеллект агенттерін енгіздік, агромониторинг, космомониторинг және түрлі салалық модульдерді біріктірдік», - дейді Ержан Мағжан.

Оның айтуынша, соның нәтижесінде өңірдегі процестерге дрондар инфрақұрылымы қосылып, су тасқыны қаупі бар аймақтар тәулік бойы бақылауға алынды.

«Ауыл шаруашылығы бағытында агромониторинг жүйесі арқылы егістік алқаптар, ауа райы және жағдайлар жедел талданады.Бұл шешімдердің барлығы мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, шешім қабылдау уақытын 2–3 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде халыққа көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы артты.Қазір платформада 15-ке жуық жасанды интеллект агенті жұмыс істейді. Барлығы жабық контурда жұмыс істейтіндіктен, ақпараттық қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген.Біздің мақсат — тек цифрландыру емес, нақты нәтижеге бағытталған басқару жүйесін қалыптастыру. Алдағы уақытта да жаңа жобалармен қатысып, өңірді дамыту жұмысын жалғастырамыз», - деді ол.

Орталықта крипта төлем алғаш рет енгізілді. Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері Нұрқат Кушимов бұл жай ғана демонстрация емес, нақты криптоактивтер арқылы жасалған шынайы төлем кейсі болды дейді.

«Бұл өте маңызды қадам, себебі ол пайдаланушыға үлкен ыңғайлылық береді. Төлем QR-код арқылы, біз үйреніп қалған қарапайым әдіспен жүзеге асады.Ал бизнес үшін бұл  жаңа мүмкіндік. Кәсіпкерлерге қосымша инвестиция салу немесе инфрақұрылымды түбегейлі өзгерту қажет емес. Бұрынғы терминалдар немесе онлайн төлем жүйелері сол күйінде қалады, тек интеграция арқылы жаңа төлем әдісі қосылады.Бұл жерде Binance Kazakhstan мен Alatau City Bank арасындағы бірлескен интеграция негізінде жаңа төлем жүйесі Binance Pay енгізілді.Мен үш маңызды аспектіні атап өткім келеді.Біріншісі криптоактивтерге деген көзқарастың өзгеруі. Бұрын олар көбіне инвестиция құралы ретінде қарастырылса, енді оларды күнделікті төлем құралы ретінде қолдану мүмкіндігі пайда болып отыр», - дейді ол.

Ал екіншісі реттеу жүйесінің дамуы.

«Қазақстанда бұл бағыт алғаш рет қаржылық реттеушілердің «sandbox» режимі арқылы іске асты. Бұған дейін МФЦА, Ұлттық банк және басқа реттеушілермен пилоттық жобалар жүргізілген болатын. Қазір біз жаңа кезеңге өттік — криптоактивтерді ұлттық төлем инфрақұрылымымен біріктіру кезеңі.Үшіншісі, дәстүрлі қаржы жүйесі мен криптоиндустрия арасындағы байланыстың күшеюі. Бұрын бұл екі сала бөлек дамыса, қазір олардың арасында нақты интеграция мен синергия қалыптасып келеді.Болашақта мақсат — криптотөлемдерді бүкіл ел бойынша кеңейту. Ең бастысы пайдаланушы криптотөлемді кәдімгі банктік төлем сияқты күнделікті қолданатын деңгейге жеткізу», - дейді ол.

Жасанды интеллект тақырыбы қазір ойындар мен киберспортта да белең алған. Болашақ ойындары дирекциясының спорт басқармасының басшысы Ержан Даниярұлы  Астанада 29 шілде мен 9 тамызда ірі халықаралық іс-шара өтетінін айтты.

«Бүгін біз үшін маңызды сәт ел президенті болашақ ойындарының кері санау таймерін ресми түрде іске қосты. Осыған байланысты, алдағы халықаралық мультиспорттық турнир туралы қысқаша айтып өтсем.2026 жылы жазда, нақтырақ айтсақ 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Болашақ ойындары Астана қаласында өтеді. Бұл  әлемдегі ең ірі жаңа форматтағы халықаралық мультиспорттық турнирлердің бірі.Жарыстар 8 дисциплина бойынша өтеді. Негізгі бағыт  фиджитал спорт. Бұл  физикалық және цифрлық әлемді біріктіретін жаңа спорт форматы.Мысалы, фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал би, жекпе-жек және шутер сияқты түрлер бар. Сонымен қатар үш классикалық киберспорт дисциплинасы өтеді: MOBA, PS MOBA және Battle Royale жанрлары», - деді ол.

Оның айтуынша, фиджитал спорттың ерекшелігі  жарыс екі кезеңнен тұрады.

«Алдымен қатысушылар цифрлық форматта, яғни ойын симуляторлары немесе киберспорт арқылы бақ сынасады. Кейін физикалық кезеңге өтеді. Екі кезеңнің нәтижесі қосылып, жеңімпаз анықталады.Мысалы, футболда алдымен PlayStation немесе симуляторда ойнайды, кейін нақты алаңда ойынды жалғастырады. Ал шутер форматында алдымен Counter-Strike ойнап, кейін лазертаг аренасында физикалық сайысқа түседі.Бұл турнир бұған дейін әлемде екі рет өтті: 2024 жылы Қазан қаласында, 2025 жылы Абу-Даби қаласында. Енді үшінші рет Астанада ұйымдастырылмақ.Жүлде қоры 4 миллион доллардан асады. Сондықтан әлемнің 50-ден астам елінен спортшылар қатысады деп күтілуде.Фиджитал спорт бұл тек жарыс емес, бұл жаңа дәуір. Мұнда цифрлық әлем мен шынайы физикалық қабілет бірігіп, жаңа форматтағы спорттық нәтиже қалыптасады», - деді ол.

Сондай-ақ орталықта жас ерекшелігіне қарамастан, жасанды интеллектіні тегін үйрететін бірегей мектептер бар. TUMO Astana креативті технологиялар орталығы 12 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға арналған заманауи білім алаңы. Мұнда бағдарламалау, робототехника және креативті технологиялар оқытылып, болашақ мамандар қалыптасады.

TUMO Astana менеджері Айнұр Қуанышбаева атағандай, бүгінгі таңда 11 бағыт бойынша тегін білім беру бағдарламалары жүзеге асып жатыр.

«Олардың ішінде жасанды интеллект, программирование, робототехника, IT, финтех және креативті технологиялар бар.Біз балаларды толықтай тегін оқытамыз. Балалар ата-аналарымен бірге тіркеледі. Ешқандай іріктеу жоқ. Кез келген бала қабылданады. Орталықтың қуаты шамамен 5 мың балаға арналған. Жас ерекшелігі 12 мен 18 жас аралығы.Қазіргі таңда орталыққа физикалық түрде келе алатын барлық балаларды қабылдаймыз. Алдағы уақытта басқа өңірлерде де осындай орталықтар ашу жоспарда бар. Сабақтар екі ауысымда өтеді: таңертең және түстен кейін. Таңертең мектепте оқитын балалар түстен кейін біздің орталыққа келеді, ал түстен кейін оқитындар таңертең келеді.Қазіргі уақытта бізде 2400-ге жуық бала тіркелген. Оның шамамен 1900-ы оқу келісіміне қол қойған. Ал 750 бала тұрақты түрде офлайн форматта оқып жатыр»,- деді ол.

Қуанышбаева атағандай, балалармен 16 learning-коуч жұмыс істейді. Сонымен қатар әр бағыт бойынша салалық мамандар тартылған, олар балалармен тәжірибелік деңгейде жұмыс істейді.

«Әр баланың цифрлық портфолиосы қалыптасады. Онда барлық жобалары мен жетістіктері сақталады. Бұл портфолио арқылы баланың деңгейі мен қабілеті нақты көрінеді. Оны кейін оқуға түсуге, жұмысқа орналасуға немесе түрлі платформаларда көрсетуге болады. alem.ai аясында екі бағдарлама жұмыс істейді: TUMO — балаларға, TUMOuro — ересектерге арналған.18 жастан асқандар үшін арнайы бағдарлама бар. Олар іріктеуден өтеді: тест және қысқа bootcamp кезеңі болады. Соның нәтижесі бойынша оқуға қабылданады», - деді Айнұр Қуанышбекова.

Ересектерге арналған Tomorrow School  мектебінің  студенті Данияр Шадыханов бұл бағдарлама уақыт тұрғысынан өте тиімді әрі ұтымды деп есептейді.

«Себебі бұл мектеп 24/7 форматта жұмыс істейді және кез келген сала өкіліне, кез келген мамандық иесіне есігі ашық. Ең бастысы мұнда білім беру жүйесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.Бағдарламаның мазмұнына тоқталсам, негізгі оқу кезеңі шамамен жарты жылды құрайды. Осы уақыт ішінде студенттер Golang, JavaScript және жасанды интеллект бағыттары бойынша білім алады.Сонымен қатар қосымша модульдер бар. Оның ішінде киберқауіпсіздік, блокчейн технологиялары, жасанды интеллектті тереңдетіп оқыту және видео ойындар жасау бағыттары қарастырылған.Оқу бағдарламасының соңғы кезеңінде міндетті түрде ұйымдастырылатын тағылымдама бар. Бұл — тәжірибе алмасу және нақты жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі», - дейді ол.

Данияр Шадыхановтың айтуынша, бұл бағдарлама тек жаңадан бастаушыларға ғана емес, сонымен қатар IT саласының мамандарына да өте пайдалы.

«Себебі ол кәсіби тәжірибені нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.Жалпы, мен барлық жас ерекшелігіне қарамастан осы бағдарламаға қатысуға кеңес берер едім. Бұл тек білім алу емес, сонымен қатар жеке дамуға да әсер етеді.Мұнда студенттер тек кәсіби дағдыларын емес, сонымен бірге soft skills, яғни коммуникация, командамен жұмыс істеу және тұлғалық қабілеттерін де дамыта алады», - дейді ол.