Стратегиялық серіктестік және цифрлық трансформация: Астана форумы «Атамекеннің» жаңа кезеңдегі рөлін айқындады
Цифрлық трансформация экономиканың барлық саласын қамтып отыр
Елордада кәсіпкерліктің болашағына қатысты ашық әрі мазмұнды диалог құру мақсатында экономиканың негізгі ойыншылары мен мемлекет өкілдерін біріктірген екі күндік форум басталды. Басқосу барысында тараптар арасындағы өзара сенімді нығайту мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Жиындағы талқылаулар «Атамекен» палатасының бизнес пен билік арасындағы негізгі дәнекер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкерлер палатасы - сапалы диалог алаңы
Форум жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық даму институттарының, квазимемлекеттік сектордың басшылары, сондай-ақ салалық қауымдастық жетекшілері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген өңірлік палата директорлары қатысуда. Жиынға келгендер Ұлттық палатаның мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы байланысты үйлестіру жұмысын оң бағалады. Форумның негізгі мақсаты - ресми есеп беру емес, өндіріс пен бизнес саласындағы нақты түйткілдерді анықтап, оларды шешімін ұсыну болды.

Цифрлық үдеріс: «Атамекен» ұсыныстары қалай орындалып жатыр?
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев еліміздегі цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жаңалықтарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта цифрлық инфрақұрылым тек ірі қалаларда емес, ең шалғай ауылдарда да дамып келеді. Цифрлық платформалар шалғайдағы өндірісті үлкен нарықпен байланыстырады. Кәсіпкерлер жаңа технологияларды, маркетинг тәсілдерін және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын интернет арқылы біліп, өз біліктілігін қашықтан арттыруға мүмкіндік алып отыр.
«Бүгінде елдегі ауылдардың 97 пайызы интернетке қосылған, ал республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мобильді байланыспен кезең-кезеңімен қамтылып жатыр. Сонымен қатар, шалғай аумақтарды спутниктік интернет арқылы толық қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта халықаралық провайдерлер тартылып, Қазақстан аумағында жерүсті станцияларын салу қолға алынған», - деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.
Министр IT-саласының соңғы жылдары көрсеткен өсімін ерекше атап өтті. IT-қызметтердің экспорты бірнеше есе артып, миллиард долларлық межеден асқан.
«Қазақстанның IT-нарығы соңғы бес жылда қарқынды өсім көрсетті. IT-қызметтер экспорты 15 есеге артып, 2025 жылы 1,1 млрд доллардан асты. Бұл саладағы жалпы көлем 2 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік басқару жүйесінде де жасанды интеллект белсенді енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде мемлекеттік органдарда 20-дан астам AI-агент жұмыс істейді және олар миллиондаған сұранысты өңдеген. Жыл соңына дейін олардың саны 50-ге дейін ұлғайтылмақ», - деді ол.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, цифрлық трансформация экономиканың барлық саласын қамтып, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналып келеді.

«Өңірлік бизнестің мұңын мұңдап, мүддесін қорғаған «Атамекен»
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанова өңірдегі бизнес өкілдері жиі кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы айтты.
«Бүгінде Маңғыстау облысының кәсіпкерлері үшін ең өзекті мәселе - қаржының қолжетімділігі мен әкімшілік кедергілер. Көбіне заңдар қабылданған кезде оның нақты өндіріске қалай әсер ететіні ескерілмей қалады. Сондықтан біз кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, салалық кеңестер арқылы министрліктерге тікелей жолдап отырамыз. Қазір бұл кеңестердің рөлін күшейттік. Олардың құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер жұмыс істейді. Палатаның жұмысы тек қағазбен шектелмейді, біз бизнестің құқығын іс жүзінде қорғаймыз. Мысалы, жақында 20-ға жуық кәсіпкеріміз «қазақстандық тауар» мәртебесін растайтын құжаттарға байланысты қиындыққа тап болды. Соның салдарынан төлемдер тоқтап, бизнес шығынға ұшырай бастады. Біз бұл мәселені жедел көтеріп, орталық аппарат пен министрлік деңгейінде талқыладық. Нәтижесінде, небәрі бір аптаның ішінде кәсіпкерлер өз қаражатын алып, жұмыстарын жалғастырды. Сонымен қатар, біз кәсіпкерлерді заман талабына сай оқытуды қолға алдық. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп, маркетинг, SMM және жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша тегін курстар ұйымдастырдық. Өңірде ірімшік өндірісі, балық шаруашылығы және қолөнер сияқты нақты бағыттар бойынша да білім береміз. Бұл бастамалар жаңа кәсіп бастауға немесе бар бизнесті дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Біздің басты міндетіміз - кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, жобаларды соңына дейін сүйемелдеу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Бүгінде Палата өңірдегі бизнес өкілдері үшін мәселесін жүйелі түрде шешетін нақты қолдау алаңына айналды», -дейді ол.
Қаржыландыру мәселесін шешу үшін Палата түрлі қаржы институттарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, жобаларды сүйемелдеу және қаржыландыруға қол жеткізу бойынша арнайы тетіктер қарастырылған.
«Атамекен» – кедергісіз бизнес ортаны қалыптастырудың қозғаушы күші
Жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайыпова өз кезегінде «Атамекеннің» заңнамалық бастамалар мен инвестициялық ортаны жақсартудағы рөлін сараптады. Оның айтуынша, Палатаның қатысуымен жүріп жатқан реформалар бизнестің тынысын ашуға бағытталған.
«Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз - экономикалық белсенділікті тежеп тұрған артық реттеуші талаптарды барынша қысқартып, кәсіпкерлер үшін шын мәнінде қолайлы орта қалыптастыру болып отыр. Біз заңнамалық жүйедегі кейбір нормалардың іс жүзінде бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме болып отырғанын көріп отырмыз, сондықтан қазір осы бағытта жүйелі түрде қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, біз инвестициялық ортаны жақсарту мәселесіне де басымдық береміз. Инвесторлармен жұмыс істеу жүйесі барынша ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Әкімшілік рәсімдерді қысқартып, шешім қабылдау процесін жылдамдату арқылы кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартудағы кедергілерді жоямыз. Бұл процесте цифрландырудың рөлі өте зор. Мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру бизнес үшін уақыт пен шығынды азайтып, қызмет алу жолын айтарлықтай жеңілдетеді. Біздің барлық бастамаларымыз экономикалық ортадағы кедергілерді азайту мен кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған», - деді Айгүл Шайыпова.
Астанада өткен бұл ауқымды форум мемлекет пен бизнес арасындағы экономикалық байланыстың жаңа кезеңін айқындады. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік шешімдердің сапасын қадағалайтын, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын және бизнеске заманауи инновацияларды енгізетін негізгі институт ретінде қалыптасты.
Форум барысында ортаға салынған бастамалар мен ұсыныстар Палатаның ел экономикасындағы стратегиялық рөлін тағы бір мәрте растады. «Атамекен» жүргізіп жатқан жұмыстардың нәтижесінде бизнес пен билік арасындағы диалог формалды сипаттан арылып, нақты нәтижеге бағытталған практикалық іс-қимылға ұласты.