ДНҚ арқылы кім екені анықталды: Семейде жоғалып кеткен ер адамның қаңқасы Қызылордада табылды
Қайғылы оқиға 2017 жылы болған
Семейде жоғалып кеткен ер адамның қаңқасы Қызылордада табылып, жеке басы ДНҚ-сараптама арқылы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл – мұқият талдауды, айғақтарды қайта зерделеуді, деректерді салыстыруды және криминалистиканың заманауи мүмкіндіктерін қолдануды талап ететін күрделі әрі кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыс.
Бүгінде ІІМ-нің молекулалық-генетикалық зертханасының әлеуетінің арқасында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ондаған тұлға анықталды. Адам өлтіру және зорлау фактілері, соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар ашылды. Аталған істер бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде, кейбір істер бойынша алғашқы сот үкімдері де шықты.
«Ведомство хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды анықтауға ерекше назар аударады. Мысалы, 2017 жылы 27 жастағы ер адам Семей қаласынан шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Анасы полицияға жүгінгенімен, ол кезде оның жүрген жерін анықтау мүмкін болмаған. Уақыт өте келе Қызылорда облысында белгісіз адамның сүйек қалдықтары табылды. Жүргізілген ДНҚ-сараптамалары мен заманауи криминалистикалық әдістердің нәтижесінде полицейлер марқұмның жеке басын анықтап, оны із-түзсіз кеткен азамат екендігін растады. Әрбір осындай деректің артында жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистердің үлкен әрі мұқият еңбегі жатыр», – дейді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ мәліметінше, өткен жылдардағы қылмыстарды ашу және хабар-ошарсыз кеткендердің тағдырын анықтау жұмысы жалғасып жатыр. Заманауи тергеу тәсілдері мен криминалистиканың мүмкіндіктері қылмыс жасалған уақытқа қарамастан, тұлғаларды анықтауға және қылмыскерлерді табуға мүмкіндік береді.