Маңғыстауда нөсер жауын салдарынан жүздеген мал қырылып қалды

Табиғи қолайсыздық салдарынан барлығы 553 бас мал шығынға ұшырады

Маңғыстауда нөсер жауын салдарынан жүздеген мал қырылып қалды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысының шаруалары жаппай мал қырылғаннан кейін шығынды өтеуді және өлекселерді жоюға көмек көрсетуді сұрап, билікке жүгінді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, Қарақия ауданында нөсер жауын салдарынан жер батпаққа айналып, соның кесірінен мал шығындалған.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, 20 сәуірде 237 бас мал қырылған. Оның ішінде 108 жылқы, 5 құлын, 10 тай, 2 түйе, 5 бота және 107 қой мен ешкі бар. Келесі күні тағы 316 мал өлген: 134 жылқы, 9 құлын, 19 тай және 154 қой мен ешкі.

Осылайша екі күннің ішінде табиғи қолайсыздық салдарынан барлығы 553 бас мал шығынға ұшырады.

Облыс әкімдігі қазіргі таңда зардаптарды жою жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Батпаққа айналған аумақтарды қалпына келтіру үшін арнайы техника тартылған.

«Қарақия ауданында жердің шайылуы мен батпақтануына байланысты жергілікті атқарушы органдар өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп арнайы техниканы жұмылдыруда. Қазіргі уақытта мал басын есепке алу және тиісті актілерді рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр. Актілер жасалып, жануарлар сәйкестендірілгеннен кейін ветеринарлық қызметпен бірлесіп өлекселерді арнайы техникамен жою жұмысы басталады. Өтемақы мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады», – деп хабарлады өңір әкімдігі.