«KazSat» спутниктерін жаңарту: депутат жобаны қайта қарауды сұрады

Автор: Аягөз Құрмаш

«KazSat-3R» жобасына шетелдік компанияларды қатыстыру ұсынылды

Фото: Shutterstock

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты  Тілектес Адамбеков «KazSat» ұлттық геостационарлық байланыс жүйесін жаңарту мәселесі 2021 жылдан бері депутаттық бақылауда тұрғанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2029 жылы «KazSat-3» спутнигінің пайдалану мерзімі аяқталады, бұл Қазақстанның орбиталық-жиілік ресурсын жоғалтып алмау үшін шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдауды талап етеді. 2025 жылғы мамырда үкіметтің жауабымен таныса отырып, қазіргі тәсілде бірқатар маңызды кемшіліктер бар екенін атап өткім келеді», – деді ол.

Оның айтуынша, «StarLink» және «OneWeb» сияқты жүйелерді отандық спутниктерге балама ретінде қарастыру елдің егемендігіне тікелей қауіп төндіреді.

«Байланыс сияқты стратегиялық инфрақұрылымның шетелдік, Қазақстан юрисдикциясынан тыс операторларға тәуелді болуы қазіргі геосаяси жағдайда қолайсыз. Жаңа «KazSat» жобасында спутниктік интернет функциясын енгізуден бас тарту тек 153 млрд теңге құнына сүйеніп түсіндірілген. Бірақ ұзақ мерзімді перспективадағы пайда, сондай-ақ шетелдік арналарды жалға алуға кететін шығындар есепке алынбаған.2025 жылғы желтоқсанда жарияланған «KazSat-3R» конкурсы мемлекеттік сатып алудың стандартты рәсімдерімен жүргізіліп отыр. Бұл дұрыс болғанымен, ғарыш саласының ерекшелігі мен ауқымы ескерілмеген. Қазіргі форматта әлемдік жетекші өндірушілердің қатысуы іс жүзінде мүмкін емес. «РЦКС» АҚ өткізетін сатып алу жоғары технологиялық шешімдерге бейімделмеген. Бұл ескірген өнім немесе делдалдар арқылы қымбат шешімдер алу қаупін тудырады. Бұған қоса, наурыздағы конкурс нәтижесіз аяқталған жағдай да бар» –  деді ол.

Осыған байланысты ол мына ұсыныстарды айтты:

  • «KazSat-3R» конкурсына әлемдік ғарыш саласының жетекші компанияларын қатыстыру тетіктерін қолданыстағы заңнама шеңберінде қарастыруды;
  • ұлттық қауіпсіздік басымдығын және стратегиялық байланыс арналарының толық автономиясын ескере отырып, «KazSat-3R» жобасының параметрлерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды.