Қызылордада ауыл клубының бухгалтері директормен бірге 10 жыл бюджет ақшасын «сорып келген»
Ол қызметкерлерге жалақысын әдейі артық аударып, кейіннен қайтарып алып отырған
Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлері бюджет қаражатын ұзақ жылдар бойы арнайы схема арқылы жымқырып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, ауыл клубының бухгалтері мекеме директорымен бірлесіп, қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы жүйелі түрде 10 жылдай бюджет қаражатын жымқырып отырған. Қылмыстық әрекет жұмысшыларға жалақыны артық мөлшерде аударып, кейін түрлі сылтаулармен (қате есептеу, шоттың бұғатталуы және т.б.) сол қаражатты кері қайтарып алу арқылы жүзеге асырылған. Бұл ретте, қызметкерлердің көпшілігі басшылықтың заңсыз әрекеттерінен бейхабар болған.
Олар 36 млн теңге жымқырған, сол үшін сот оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
«Сот бухгалтерге «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымдағы Заңның 3-бабы 3-тармағының 1-тармақшасын қолданып, жазаны 1/3 бөлігіне қысқартып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген. Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық заңының дұрыс қолданылмағаны анықталды», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Осы санаттағы істер бойынша аталған заңның 3-бабы 5-тармағының арнайы нормасы ғана қолданылуға тиіс. Бас прокуратураның наразылығы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын өзгертті. Бухгалтердің жаза мөлшері 5 жыл 7 айға бас бостандығынан айыруға ұлғайтылды.