Астанада бұрынғы сүйіктісін аңдыған ер адамға сот үкімі шықты

Жарты жыл бойы мазасын алған сталкерге шектеу қойылып, өтемақы өндірілді

Астанада бұрынғы сүйіктісін аңдыған ер адамға сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Астанада бұрынғы қызын жүйелі түрде аңдып, қоқан-лоқы көрсеткен ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың ақпанына дейінгі аралықта болған. Осы уақыт ішінде сотталған азамат жәбірленушіге 150-ден астам рет қоңырау шалып, балағат сөздер жазылған хабарламалар жіберген. Сонымен қатар, ол қыздың жұмыс істейтін сұлулық салонына бірнеше рет барып, жанжал шығарған.

Тергеу барысында ер адамның жәбірленушінің жұмыс орнында мүлікті бүлдіріп, оған және оның отбасы мүшелеріне қоқан-лоқы көрсеткені анықталған. Бұл жағдайлардан кейін жәбірленуші тұрақты қорқыныш күйінде өмір сүрген.

Сот шешімімен айыпталушыға 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды. Сондай-ақ оған жәбірленушіні іздеуге, аңдуға және қандай да бір байланыс жасауға тыйым салатын ерекше талаптар енгізілді.

Бұдан бөлек, сот үкімімен ер адамнан 542 мың теңге өндірілді. Оның 392 мың теңгесі материалдық шығынды, ал 150 мың теңгесі моральдық зиянды өтеуге бағытталған.