Үкімге шағым берілді, іс әлі заңды күшіне енген жоқ
Дубай соты Қазақстан азаматын өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 18 наурызда Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласындағы бірінші сатыдағы соты Қазақстан азаматы Ернұр Алмаханды бірнеше ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл салу туралы үкім шығарған.
Ведомство дерегіне сүйенсек, сотталған азамат апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген.
Қазақстанның елшілігі Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдарына ресми сұрау жолдаған. Сыртқы істер министрлігінің 21 сәуірдегі хабарламасында қазіргі уақытта жауап күтіліп отырғаны айтылған.
Сонымен қатар министрлік ақпарынша, Дубайдағы Қазақстанның Бас консулдығы өз құзыреті аясында қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр. Мәселе ведомствоның бақылауында.
Ашық деректерге сәйкес, Ернұр Алмахан 2024 жылы жұмыс істеу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктеріне барған.