Самокат тәртібі қатаңдады: Астанада жүздеген адам жазаланды

Электросамокат көбейген соң полиция рейдке шықты, бақылау күшейтілді

Самокат тәртібі қатаңдады: Астанада жүздеген адам жазаланды
Фото: Әсет Құндақбаев

Астанада электросамокат пайдаланушыларға қатысты бақылау күшейтіліп, рейд барысында 200-ге жуық адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру жұмыстары ауа райының жылынуы мен самокат мінушілер санының артуына байланысты жүргізілген. Рейд нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған.

Сонымен қатар, ережеге сай қойылмаған 170-тен астам электросамокат коммуналдық тұрақтарға эвакуацияланды. Тәртіп сақшыларының атап өтуінше, самокаттарды ретсіз қалдыру жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүрген ата-аналарға айтарлықтай қиындық келтіреді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға самокатты қауіпсіз пайдалану, қорғаныс құралдарын қолдану және жолдағы өзге қатысушыларға қауіп төндірмеу қажеттігін тұрақты түрде түсіндіріп келеді.

Астана қалалық полиция департаменті жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.