Осыған дейін былтыр желтоқсан айында жеткілікті шегі көтерілетіні жарияланған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте зейнетақы жинағын алу үшін жеткіліктілік шегін көтеру мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз жеткіліктілік шегін болжамды инфляция деңгейіне сәйкес көтеруді ұсындық. Тиісті қаулы жобасын жолдадық, қазір мемлекеттік органдардан ұсыныстар күтіп отырмыз, содан кейін оны толық келісуге жібереміз. Жалпы, біз бұл өзгерістерді жақын уақытта қабылдаймыз деп ойлаймыз. Бәлкім келесі айда жеткіліктілік шегін көтеру қажет болады. Бұл – біздің ұстанымымыз», – деді Ертаев.
Министр сөзін жалғай отырып, мұндай шешімнің себебін түсіндіріп өтті.
«Әр азамат зейнет жасына жеткенде лайықты зейнетақы алуы тиіс деп есептейміз. Соңғы бес жылда 5 трлн теңге алынған. Оның ішінде несиеге, емделуге жұмсалғаны бар, оны түсінемін, бірақ болашақты да ойлау керек. Яғни зейнетақы ең төмен деңгейде болып қалмай, лайықты болуы үшін жинақтарды жұмсамауымыз керек», – деді министр.
Айта кетейік, осыған дейін былтыр желтоқсан айында жеткіліктілік шегі көтерілетіні жарияланған.