«Перспективалы орын»: Қостанай облысында болашақта АЭС салынуы мүмкін

Алмасадам Сәтқалиев перспективалы орындар жайлы айтты

«Перспективалы орын»: Қостанай облысында болашақта АЭС салынуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр станцияларын (АЭС) салуға арналған перспективті алаңдар зерттеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Энергиямен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның дамыған электр энергетикалық желісін ескере отырып, болашақта кемінде үш, тіпті төрт атом станциясын салу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Қазіргі уақытта барлық перспективті алаң жан-жақты зерттелді. Энергия теңгерімі, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздік талаптары тұрғысынан атом энергетикасын дамытуға болатын бірнеше бірегей алаң бар», – деді Сәтқалиев Ақорда кулуарында журналистерге.

Оның айтуынша, бірінші кезекте Балқаш маңы қарастырылып отыр, ол жерде ірі энергетикалық блоктардың алтауына дейін салу мүмкіндігі бар.

«Курчатов қаласының да әлеуеті жақсы – бұл жерде шағын және орта қуатты атом реакторларын орналастыруға болады. Батыс Қазақстанда да энергия қондырғыларын біріктірілген режимде пайдалану тәжірибесі бар: ол тек электр энергиясын емес, сонымен бірге ыстық су, жылу беріп, су тұщыту циклін де жүзеге асырған. Бұл жерде де белгілі бір әлеует көріп отырмыз. Сонымен қатар Қазақстанда басқа да алаңдар зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, энергия теңгеріміне сүйенсек, Қостанай өңірі алдағы 20-30 жылда атом станцияларын салуға арналған перспективалы орын болуы мүмкін», – деді агенттік басшысы.