Қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы 150 мың теңгеге қашан жететіні әлі белгісіз

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге жететінін мәлімдеген еді 

Қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы 150 мың теңгеге қашан жететіні әлі белгісіз
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«85 мың теңге - бұл ең төменгі жалақы мөлшері. Яғни жұмыс беруші одан төмен айлық белгілеуге құқылы емес. Бұл оның ең төменгі әлеуметтік жауапкершілігі. Екіншіден, 85 мың теңгені көтеру мәселесіне келсек, біз 2024 жылы арнайы әдістеме әзірледік. Сол құжат уәкілетті органдардың қарауына жіберілді. Қазір бұл мәселені жыл сайынғы бюджет аясында қарастыру көзделіп отыр. Бүгінде бұл бағытты ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі, уәкілетті органдар талқылап жатыр», - деді ол.

Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, қазір ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден өсіру бойынша үкімет, ұлттық банк және қаржы реттеуші органдар нақты жоспар әзірлеген.

«Бұл жоспардың өз мерзімдері бар, қазір талқылау кезеңі жүріп жатыр. Талқылау аяқталған соң ортақ шешімге келу қажет болады. Біздің есептеулер дайын, және пысықтау барысында біз өз ұсыныстарымызды енгіземіз. Қазір уәкілетті органдар да өз ұсыныстарын беруге тиіс.  Жалпы, мұндай шара қарастырылған, жоспар бар. Бірақ ең төменгі жалақы нақты қаншаға өсетінін дәл қазір айта алмаймын, өйткені бұл мәселе әлі талқылау мен пысықтауды талап етеді», - деді ол.

Осыған дейін Қазақстандағы ең төменгі жалақының мөлшерін 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отырғаны жайлы үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім еткен еді.