Астанада «Инватакси» қызметімен 2,5 мыңнан астам адам қамтылды - Жеңіс Қасымбек

Автор: Аягөз Құрмаш

Yandex Go сервисімен бірлескен пилоттық жоба іске асып жатыр

Фото: gov.kz

Елордада инклюзивті қалалық ортаны дамыту аясында «Инватакси» қызметі кеңейтіліп, бүгінде 2,5 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасымбектің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету - негізгі басым бағыттардың бірі.

«Осы мақсатта көлік қолжетімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстарды атқардық. Қазіргі таңда елордадағы қоғамдық көліктің 93%-дан астамы ерекше қажеттіліктері бар жандарға бейімделген. Сонымен қатар, «Инватакси» қызметін одан әрі жетілдіру үшін цифрлық шешімдер енгізілуде. Атап айтқанда, Yandex Go сервисімен бірлескен пилоттық жоба іске асырылып жатыр.Жалпы, Астанада инклюзивті саясат кешенді түрде дамып келеді. Қала бюджетінің 60%-ы әлеуметтік салаға бағытталған, ал биыл оңалту және инклюзия шараларын қаржыландыру 12%-ға ұлғайтылды», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамту, білім беру, спорт, мәдениет және оңалту бағыттарында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әкімдік инклюзивті ортаны дамыту бойынша жүйелі шараларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.