Қазақстандағы ерекше адамдар енді көршілерінің келісімін алмай-ақ үйлерін ресми түрде өзгерте алады
Нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін әлеуметтік қорғау органдары да тексереді
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тұрғын үйді бейімдеуге қатысты қайта жоспарлау тәртібі жеңілдеді, енді көршілердің келісімі талап етілмейді. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, салалық нормативтік құжаттарға халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған қосымша талаптар енген.
«Атап айтқанда, тұрғын үйді қайта жоспарлау тәртібі жеңілдеді (көршілердің келісімінсіз), жобалық құжаттамада қолжетімділікке арналған жеке бөлім қарастырылды. Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен салынатын тұрғын үйлерде кемінде 5% пәтер мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделіп салынады», – деді вице-министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Құрылыс кодексінде қолжетімді ортаға қойылатын талаптар күшейген.
«Енді кедергісіз орта қалыптастыру барлық кезеңде қарастырылады: қала құрылысы жоспарлауынан бастап, жобалау, құрылыс жүргізу және нысанды пайдалануға беру кезеңіне дейін. ҚР Құрылыс кодексінің 17-бабына сәйкес, елді мекендер халықтың барлық санаттары үшін қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Қажкенов.
Вице-министр бұл талаптардың орындалуы барлық кезеңде қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен қатар, нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін әлеуметтік қорғау органдары да тексереді.