Астанадағы камералар рульде хат жазып отырғандарды да түсіріп алады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Елордалық полиция тұрғындарға ескерту жасады

Фото: Видеодан скрин

Елордада Astana Smart City («Ақылды қала») жобасы аясында жол қозғалысына зияткерлік бақылау жүйелерін енгізу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта елорда көшелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері тестілеу режимінде тіркелуде. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану жағдайлары анықталып жатыр.

Жасанды интеллектке негізделген жүйелер мұндай құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, қала жолдарындағы қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.

«Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, рөлде барынша мұқият болуға және өз қауіпсіздігі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз», – делінген ПД хабарламасында.