Екі және бес пайыз: биыл 12 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жеңіл ипотека арқылы үй ала алады
Былтыр осы ипотека арқылы 5 277 адам үй алғаны белгілі болды
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов үкімет отырысында биыл 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жеңіл талаппен баспанаға ие болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша 7 893 адам жалдамалы тұрғын үйге қол жеткізді. Оның ішінде 1 036 – I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, ал 469 – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 810 мүмкіндігі шектеулі адам және 843 отбасы жалдамалы үй алды. 2024 жылы 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 1686 адам және 650 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді», - дейді ол.
Вице-министр атағандай, тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілді.
«Соның нәтижесінде өткен жылы 4 386 мүмкіндігі шектеулі адам өздері тұрып жатқан коммуналдық үйді жеке меншікке алды. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 460-қа жуық адам қайтарымсыз меншік құқығына ие болды. Сонымен қатар, кезекте тұрған азаматтар «Отбасы банк» арқылы 2 және 5 % жеңілдетілген ипотека ала алады. Өткен жылы осы бағдарлама арқылы 5 277 адам үй сатып алды. Оның ішінде 381 несие мүмкіндігі шектеулі адамдарға, ал 424 несие осындай бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Осы жылы барлығы 12 736 жеңілдетілген несие беру жоспарланып отыр», - деді Қажкенов.