Даулы «Қыз Жібек» қамзолы: министрлік тексеріс бастаса, Баян Алагөзова көпке жауап берді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Министрлік тексеріп жатыр

Скриншот видео

“Қыз Жібек” фильмінде актриса Меруерт Өтекешова киген қамзолдың жеке тұлғаның қолына өткеніне қатысты тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еске салсақ, продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробындағы «Қыз Жібектің» қамзолын көрсетіп, құнды мұраның өзіне тиесілі екенін паш еткен.

Желіде жарияланған видеодан кейін қоғамда қызу талқылау туындап, қолданушылар тарихи маңызы бар костюмнің жеке меншікке өтуіне күмән келтірді. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Қазақфильм киностудиясының қорында Жібек кейіпкерінің түпнұсқа камзолы сақтаулы және ол ұлттық кинематографияның маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалады.

Министрлік дерегінше, әлеуметтік желіде сөз болған камзолдың нақты қайдан шыққаны және жеке қолға қалай өткені қазір анықталып жатыр. Бұл мәселе мәдени құндылықтарды қорғау аясында бақылауға алынған.

Өз кезегінде Баян Алагөзова қоғамдағы сынға жауап беріп, бұл бұйым ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалғанын алға тартқан. Оның айтуынша, камзолды сақтап қалған адам болған, ал бұған дейін оған ешкім мән бермеген.

Айта кетейік, “Қыз Жібек” фильміндегі костюмдерді белгілі суретші Гүлфайрус Ысмайылова жасаған. Ал Жібек рөлін сомдаған актриса Меруерт Өтекешова киген түпнұсқа бұйымның музей қорында сақталғаны ресми түрде расталған.

Қазіргі таңда дауға себеп болған “екінші камзолдың” шығу тегі мен құқықтық мәртебесі бойынша тексеру жалғасып жатыр.