Павлодарда 16 бүлдіршінді ұрып-соққан балабақша тәрбиешісі сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Алайда ол жазасын 5 жылдан кейін өтейтін болды

Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласында екі апта бойы балабақшадағы бүлдіршінді ұрып-соққан 33 жастағы тәрбиешіге қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда әйел қамауға алынған жоқ.

Оқиға 2025 жылдың маусым айында белгілі болды. Ол кезде ата-аналар балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, тәрбиешінің балаларды жұлқылап, итеріп, лақтырып, ұрып жатқанын көрген. Бұл жазбалар сотта негізгі дәлел ретінде пайдаланылды. Іс бойынша барлығы 16 бала жәбірленуші деп танылған.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі екі бап бойынша қарап, айыптау үкімін шығарды.

«Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3 және 5-бөліктеріне сәйкес, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген сот хабарламасында.

Алайда тәрбиеші жазаны нақты өтеуден уақытша босатылды. Қылмыс жасалған кезде оның жүкті болғаны, қазір балалы болғаны және басқа да кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескеріліп, сот жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдырды.

Бүлдіршіндердің ата-аналары бұл шешіммен келіспейді. Олардың айтуынша, мұндай жаза өзгелерге сабақ болуы тиіс еді. Кей ата-аналар балаларында психологиялық және даму мәселелері пайда болғанын айтып отыр. Ата-аналар үкімге шағымданып, жазаны кейінге қалдырмай, нақты бас бостандығынан айыруды талап етпек. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.